Көрсетілетін қызметті берушінің атауы: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары.
Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері: өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижелерін беру "электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі: 10 (он) жұмыс күні.
Көрсету нысаны: электрондық (ішінара автоматтандырылған) түрінде.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі: баланы (балаларды) патронаттық тәрбиеге беру туралы шарт жасау туралы хабарлама және патронат тәрбиешілерге баланы (балаларды) күтіп-бағуға бөлінетін ақша қаражатын тағайындау туралы шешім не осы мемлекеттік көсетілетін қызметті стандартының 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап. Порталда мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі және сақталады.
Көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және оны алу тәсілдері: тегін.
Жұмыс кестесі: 1) көрсетілетін қызметті берушіде: еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбі мен жұма аралығын қоса алғанда сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен. 2) порталда: жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда өтінішті қабылдау келесі жұмыс күнімен жүзеге асырылады). Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары: 1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің: www.edu.gov.kz интернет-ресурсында; 2) www.egov.kz порталында орналасқан.
Құжаттардың тізбесі: 1) көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ қойылған немесе көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс операторы берген абоненттік нөмірі порталдың есептік жазбасына тіркелген және қосылған жағдайда бір реттік парольмен куәландырылған электрондық құжат нысан бойынша патронаттық тәрбиеші болу және ақшалай қаражат төлеуді тағайындау туралы өтініш; 2) егер көрсетілетін қызметті алушы некеде тұрған жағдайда, жұбайының (зайыбының) келiсiмiнің электрондық көшірмесі; 3) "АХАЖ тіркеу пункті" ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – АХАЖ АЖ) не Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде мәліметтер болмаған кезде неке қию туралы куәліктің электрондық көшірмесі; 4) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) жұбайының (зайыбының) тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі (тұрғын үйге меншік құқығы болмаған жағдайда); 5) көрсетілетін қызметті алушының және егер некеде тұрса, жұбайының (зайыбының) "Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12127) (бұдан әрі - № 692 бұйрық) бекітілген тізбеге сәйкес ауруының жоқтығын растайтын денсаулық жағдайы туралы анықтама, сондай-ақ "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 тіркелген) (бұдан әрі - № 907 бұйрық) бекітілген нысанға сәйкес наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде тіркеуде тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтаманың электрондық көшірмесі; 6) білімі туралы мәліметінің электрондық көшірмесі; 7) баланың (балалардың) білім беру ұйымында оқуы туралы анықтаманың электрондық көшірмесі (мектеп жасындағы балалар үшін); 8) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген тұлғалардың дайындықтан өткені туралы сертификаттың электрондық көшірмесі; 9) екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жеке түрлерін жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымда немесе дербес шоттың ашылуы туралы шарттың электрондық көшірмесі; 10) осы бұйрықпен бекітілген отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының 12-қосымшасына сәйкес (он жасқа толған кезде) баланың (балалардың) пікірінің электрондық көшірмесі. Бала (балалар) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тұрған жағдайда көрсетілетін қызметті берушіге тапсырылатын тізбенің 7) тармақшасындағы көрсетілген құжаттың электронды көшірмелерін тіркеу талап етілмейді.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер: 1) көрсетілетін қызметті алушының кәмелет жасқа толмауы; 2) соттың көрсетілетін қызметті алушыны әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп тануы; 3) соттың көрсетілетін қызметті алушыны ата-ана құқықтарынан айыруы немесе соттың ата-ана құқықтарын шектеуі; 4) өзiне Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетілуі; 5) бұрынғы бала асырап алушылардың кiнәсi бойынша бала асырап алудың күшiн жою туралы сот шешімі;
6) көрсетілетін қызметті алушының қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерін жүзеге асыруға кедергі келтіретін ауруының болуы; 7) көрсетілетін қызметті алушының тұрақты тұратын жерінің болмауы; 8) қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығының болуы, сондай-ақ осы тармақтың 13) тармақшасында аталған адамдар; 9) көрсетілетін қызметті алушының азаматтығының болмауы; 10) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқығынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын еркек жынысты адамның өтініші; 11) қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу кезінде көрсетілетін қызметті алушының қамқорлыққа алынушыны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысының болмауы; 12) көрсетілетін қызметті алушының наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұруы; 13) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдар (2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда); 14) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодекстің 91-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген көрсетілетін қызметті алушылардың (баланың жақын туыстарын қоспағанда) қоспағанда; 15) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау; 16) "Патронат тәрбиешiлерге берiлген баланы (балаларды) күтіп-бағуға бөлінетін ақша қаражатын төлеуді жүзеге асыру қағидаларын және оның мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 381 қаулысында белгіленген талаптарға көрсетілетін қызметті алушысәйкес келмеуі.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге де талаптар: көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен жағдайы туралы ақпаратты қашықтықтан қолжеткізу режимінде порталдағы "жеке кабинеті" арқылы алады.