Атбасар қаласындағы №7 жалпы орта білім беретін мектептің мақтанышы – «Алтын белгі» иегері Бабаева Аяулым Қуанышқызы – өзінің табандылығы, терең білімі және жоғары жауапкершілігімен ерекше көзге түсіп жүрген шәкірттердің бірі. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ Аяулым сан түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларына белсене қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен көрсеткен нәтижелері ерекше мақтауға тұрарлық. Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінен І орынды иеленіп, облыстық кезеңде жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады. Аяулымның шығармашылық қабілеті де жоғары деңгейде. Ол аудандық «Абай оқулары» байқауында «Ұлылар әлемі» номинациясы бойынша І орын, облыстық кезеңінде ІІ орын иеленді. Сонымен қатар, Мұқағали Мақатаевқа арналған аудандық байқауда ІІ орын, ал халықаралық деңгейде өткен «Мұқағали Мақатаев оқуларының» жеңімпазы атанды. Ақберен» аудандық байқауында да ІІ орыннан көріне білді. Біліммен қатар, Аяулым қоғамдық өмірге де белсене араласып, көшбасшылық қабілетімен танылды. Ол – Қазақстан мектептеріндегі өзін-өзі басқару көшбасшыларының Республикалық слетінің қатысушысы, Халықаралық “Жас жұлдыздар” шығармашылық фестивалінің бас жүлде иегері, “Көш көсемі–2022” облыстық байқауының жеңімпазы. Сондай-ақ мектеп парламентінің үздік Президенті ретінде танылып, «Үздік мектеп парламенті портфолиосы» аудандық байқауында І орынға ие болды. Аяулым – тек білімді ғана емес, әже тәрбиесін көрген , мінезімен де көпке үлгі бола білген шәкірт. Ол – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, шыншыл әрі еңбекқор тұлға. Ұстаздар мен оқушылар арасында беделі жоғары, парасатты шәкірт ретінде танылған. Бүгінде Аяулым – өз мектебінің ғана емес, тұтас өңірдің үмітін ақтап келе жатқан білімді де тәрбиелі жас өрен . Алдағы уақытта да биіктен көрініп, ел игілігіне еңбек ететініне сеніміміз мол.