Көрсетілетін қызметті берушінің атауы: мемлекеттік қызметті облыстардың, қалалардың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәсілдері: мемлекеттік қызметті көрсету үшін құжаттарды қабылдау және нәтижесін беру: 1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі; 2) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері: 1) көрсетілетін қызметті беруші арқылы жүгінген кезде – 20 минут; 2) көрсетілетін қызметті берушінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға – 2 (екі) жұмыс күні; 3) көрсетілетін қызметті беруші орналаспаған жер бойынша Мемлекеттік корпорацияға – 7 (жеті) жұмыс күні. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді. 1) Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 20 (жиырма) минут; 2) көрсетілетін қызметті алушыға Мемлекеттік корпорацияда қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 20 (жиырма) минут.
Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: қағаз жүзінде.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі: осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті және тиісті құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту.
Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері: тегін.
Жұмыс кестесі: 1) көрсетілетін қызметті берушіде – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбі мен жұманы қоса алғанда сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін. Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру көрсетілетін қызметті берушіде
сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 09.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз кезек күту тәртібімен көрсетіледі. 2) Мемлекеттік корпорацияда – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбі мен сенбіні қоса алғанда түскі үзіліссіз сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін. Қабылдау жеделдетіп қызмет көрсетусіз, көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша "электрондық" кезек тәртібімен жүзеге асырылады, "электрондық үкімет" порталы (бұдан әрі – портал) арқылы электрондық кезекті брондауға болады.
Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі: көрсетілетін қызметті берушіге не Мемлекеттік корпорацияға: 1) өтініш; 2) жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін); 3) білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың көшірмесі; 4) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі; 5) кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақ және фото; 6) бұрынғы жұмыс орнынан болған жазалары мен көтермелеулері көрсетілген өндірістік мінездеме; 7) қолданыстағы біліктілік санаты мен ғылыми дәрежесі туралы құжаттың көшірмесі (бар болса); 8) "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама; 9) соттылығының жоқ екендігі туралы анықтама; 10) сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс жасағаны туралы мәліметтің болуы не болмауы туралы анықтама; 11) тестілеуден өткені туралы құжат (болған жағдайда); 12) біліктілікті арттыру, қайта даярлау курстарынан өткені туралы құжат (болған жағдайда); 13) білім берудегі менеджмент бойынша жетпіс екі сағаттан кем емес біліктілікті арттыру курстарынан өткенін растайтын құжат; 14) Білім беру ұйымын дамытудың перспективалық жоспары. Конкурсқа қатысу үшін кандидат білім беруді басқару органының қарауына өзінің кәсіби жетістіктері, біліктілігін арттыруы, ғылыми зерттеулері, өзінің педагогикалық тәжірибесін жинақтауы, наградалары (болған жағдайда) туралы материалдарды ұсынады. 3), 4), 7), 8) 9), 10) тармақшаларда көрсетілген құжаттарды ұсыну, егер көрсетілетін қызметті берушінің оларды тиісті ақпараттық жүйелерден алуға мүмкіндігі болса, талап етілмейді. 3), 4), 5), 6), 7) тармақшаларда көрсетілген құжаттарды жұмыс орнынан кадр қызметі немесе білім беру ұйымының жауапты қызметкері растайды және мөрмен расталады. Көрсетілетін қызметті беруші және Мемлекеттік корпорацияның қызметкері, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерін пайдалануға келісімін алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер: көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігі белгіленген жағдайда мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады.
Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар: тіршілік әрекетін шектейтін ағза функцияларының тұрақты бұзушылықтары бар, денсаулығы нашар көрсетілетін қызметті алушыларға, қажет болған жағдайда, мемлекеттік қызметті көрсету үшін құжаттарын қабылдауды Бірыңғай байланыс орталығының 1414, 8 800 080 7777 телефоны арқылы жүгіну жолымен Мемлекеттік корпорацияның қызметкері тұрғылықты жеріне барып жүргізеді. Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ болған жағдайда порталдағы "жеке кабинеті", сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығының 1414, 8 800 080 77777 телефондары арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты алу мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қызмет көрсету мекенжайлары мен орындары: 1) Министрліктің интернет-ресурсында: www.edu.gov.kz; 2) Мемлекеттік корпорацияның интернет-ресурсында: www.gov4c.kz. орналастырылған. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің анықтама қызметтерінің байланыс телефондары Министрліктің www.edu.gov.kz сайтында орналастырылған.